Время приёма посетителей с 09:00 до 12:30 часов
Республиканское государственное предприятие на праве хозяйственного ведения «Государственная вневедомственная экспертиза проектов»    
Телефон
+7 (7172) 57-44-84
E-mail
gosexpertiza@gosexpertiza.kz

ГАЗ ҚҰБЫРЫ ШУ ӨҢІРІНЕ БЕТ АЛДЫ

2012-04-13
ГАЗ ҚҰБЫРЫ ШУ ӨҢІРІНЕ БЕТ АЛДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында елімізді газдандыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Үстіміздегі жылғы Жолдауында «Қазақстан мұнай мен газ өндіретін ел. Біз елімізді газдандыруға міндеттіміз» деп ерекше атап өтті.
«ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы республикада газдандырылған 9 облыстың 7-еуін табиғи газбен қамтамасыз ететін негізгі компания болып табылады. 2002 жылы құрылған акционерлік қоғам биылғы жылы өзінің табысты қызметінің 10 жылдығын атап өткелі отыр. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның басты міндеті — халықты және шаруашылық субъектілерін табиғи газбен сенімді де тұрақты жабдықтау.

«ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалы 2007 жылы құрылды. Облыс аумағындағы газ құбырларының ұзындығы 3000 шақырымды құрайды және табиғи газ жеткізілген елді мекендердің саны ұдайы өсіп келеді. Облыстағы 381 елді мекеннің 75-і, оның ішінде, 2 қала мен 73 ауыл газдандырылған. Табиғи газды 89 мың жекеменшіктегі тұрғын үй және көпқабатты үйлердің 58 мың пәтерінде тұратын 147 мың тұтынушы пайдаланады. Облыс бойынша табиғи газды сату көлемі 2011 жылы 2010 жылмен салыстырғанда 13 пайызға өсіп, 898 миллион текше метрді құрады.
Өткен жылы филиалдың табиғи газды сатудан түскен табысы — 672 миллион, тасымалдаудан тапқан табысы 787 миллион теңгеге жетті. Бұл ретте кәсіпорынның бұрын айналыспаған негізгі емес қызметінің көрсеткіштерін бөле-жара айтқан жөн. Филиал сырт ұйымдардың иелігіндегі газ құбырларына, үй ішіндегі газ жабдықтары мен құбырларына техникалық қызмет көрсетуден, газ жүйесін жүргізуден 527 миллион теңге табыс тапты. Өткен жылы жалпы облыс бойынша 3338 тұрғын үй, 165 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын, 5 өнеркәсіптік кәсіпорын газдандырылса, соның ішінде газ желісі тартылған 2093 үй (газдандыру рыногының 63 пайызы), сонымен қатар, 100 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын Жамбыл өндірістік филиалының еншісіне тиеді. Осы тұрғыда атап көрсетер бір жайт, мекеме тұрғын үйлерді газдандыру ақысын 12 айға бөліп төлеуге мүмкіндік береді, сонымен қатар, жылыту газ қазандықтарын сату, орнату және техникалық қызмет түрлерін ұсынады.
Ұжым 2011 жылды 62 миллион теңге таза пайдамен қорытындылады. Ал, 2010 жылды 37 миллион шығынмен аяқтаған еді. Өткен жылы күрделі қаржы жоспарына сәйкес, өндірістік бөлмелерде, орталық қоймада жөндеу жұмыстарын жүргізді, кеңсе ғимаратын қайта жоспарлаудан өткізді, Аса ауылында газ учаскесін салды. Сондай-ақ, 32 ШРП жабдығын, ұзындығы 3400 метр газ құбырын ауыстырды, газ құбырлары мен құрылғыларын пайдалану үшін қажетті құрал-жабдықтар сатып алды.
Өткен жылы өндірістік қажеттіліктерді өтеу үшін сатып алынған 7 бірлік техника ішінде «УАЗ» маркалы 3 автокөлік, «Нива» маркалы 2 автокөлік, 1 автобус, «Hуndai R 200 W 7» маркалы доңғалақты экскаватор бар. Өндірістің өсуіне орай, салықтар бойынша төлемдер көлемі де артып, 2011 жылы бұл көрсеткіш 171,3 миллион теңгені құрады. 2010 жылы ол 135,5 миллион теңге болды. Өндірістік филиал жұмыс істеген кезеңде облыста 576 жұмыс орны ашылды, өткен жылы орташа еңбекақының өсімі 138 пайызды, күрделі қаржы көлемі 605 миллион теңгені құрады.
Қазіргі таңда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қомақты қаржыны қажет ететін екі ірі жобаны жүзеге асыруды қолға алды. Олар — «Қордай» АГРС-інен Шу қаласына дейін жоғары қысымды газ құбыры құрылысы» және «Тараз қаласында газ таратушы жүйені жаңғырту».
Бірінші жоба бойынша ұзындығы 106 шақырым, диаметрі 325 миллиметр болат темірден жасалған жоғары қысымды жерасты газ құбырын тарту басталды. Бұл ретте Шу қаласындағы торапты стансада шоғырланған теміржол маңындағы кәсіпорындарды газдандырудың маңызы ерекше ескеріліп отыр. Аталған жоба құрылысы 2012 жылға жоспарланған «Бірлескен химия компаниясы» ЖШС ғимаратына газ жүргізуге мүмкіндік бермек. Бұған қоса, жоба Шу қаласының 33,5 мың тұрғынын газбен қамтамасыз етеді, АГРС-Қордайдан Шуға дейін тартылған газ құбыры бойындағы елді мекендерді таяу болашақта газдандыруға жағдай туғызады.
Екінші жобаның да маңызы айрықша. Тараз қаласындағы жалпы ұзындығы 936 шақырым газ құбырын жаңа технологияларды барынша пайдаланып, толығымен ауыстыру, жеке тұрғын үй секторлары тұтынушыларын газбен қамту жүйесін қос сатылы жүйеге алмастыру (жер үстімен жүретін төменгі қысымды газ құбырын жер астымен жүргізу) іске асырылмақ. Жобаға сәйкес, Тараз қаласындағы жеке тұрғын үй секторының 38,4 мың абоненті қамтылып, газ тұтынуда заманауи бақылау және есептеу жүйесі енгізіліп, 23071 шкафты пункттер орнатылатын болады. Жоғарыда аталған жобалар бойынша өткен жылы жобалық-сметалық құжат дайындалып, Астана қаласындағы «Мемлекеттік сараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан оң қорытынды алынды.
Облыстың елді мекендерін газдандыруға бағытталған тағы бір ірі жобаны атап өткен жөн. Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың бастамасымен әлеуметтік маңызы бар бұл жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,8 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Осы жоба аясында былтырғы жылы Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарының 25 елді мекеніне дейін газ құбырын тарту құрылысының бастапқы кезеңі сәтімен аяқталды. Ағымдағы жылы газдандырудың екінші кезеңі бойынша Меркі, Рысқұлов, Жуалы аудандарына қарасты 34 елді мекенге газ жеткізілмек.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы әлеуметтік маңызды іс-шаралардың белсенді қатысушысы болып табылады. Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде біздің филиалдың арнайы топтары өткен жылы командалық-штабтық оқу-жаттығуларды абыроймен өткізді. Қалалық ТЖ қызметіне тиісті хабарлама беру, халықты қауіпті аймақтан көшіру, төтенше жағдайлардың зардаптарын жедел жойып, газбен қамтамасыз етуді қалпына келтіру сияқты ұйымдастырушылық және практикалық қызметтердің толық кешенін талап деңгейінде толық атқарған филиал жасақтары оқу-жаттығудың басты міндетін табыспен орындады.
Кәсіпорын өзінің негізгі өндірістік қызметіне қоса, әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне де жете көңіл бөледі. Кәсіпорын демеушілігімен Тараздағы Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясының ауласына футбол, волейбол, баскетбол ойындарына арналған көпсалалы спорт алаңы салынды. Компания балалар үйіне демеушілік жасау, аз қамтылған отбасыларына қолдау көрсету сияқты ізгілікті шараларды тұрақты іске асырады. Мерекелік іс-шаралар кезінде қайырымдылық түскі асын ұдайы ұйымдастырып тұрады. Мәселен, Жамбыл өндірістік филиалының өткен жылғы Наурыз мерекесіне арнап жайған дастарқанынан 400-ден астам қонақ дәм татты. Ал, Жеңіс күні мерекесінде соғыс ардагерлерін қонаққа шақырып, құрмет көрсетті. Осы тұста 421 Ұлы Отан соғысы ардагері мен майдангерлер жесірлеріне 2011 жылы 96 225 текше метр газды тегін тарату жеңілдігін беріп отырғанымызды қуанышпен айтқым келеді.
Өткен жыл «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы үшін ерекше мерекелі болды. Қыркүйек айында облыстық газ шаруашылығы өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Айтулы оқиға құрметіне өндіріс озаттарына облыс, қала әкімдерінің, акционерлік қоғамның бас директорының грамоталары тапсырылды. Газ шаруашылығының ардагерлері де ұмыт қалған жоқ. 75 зейнеткер-ардагерге бағалы сыйлықтар беріліп, филиалдың 10 ардагеріне материалдық көмек көрсетілді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына спорттың шағын футбол, волейбол, үстел теннисі түрлері бойынша спартакиада өткізілді.
Тәуелсіздігіміз тойланған тұста үздік қызметкерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды. «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Е.Касеевтің өңіріне қажырлы еңбегі үшін «Құрмет» ордені тағылса, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталғандар арасында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының Д.Катибекова, А.Олжабаев, З.Бүрлібаев, С.Алдасаев, Е.Бостанов, Х.Асанов және Т.Кембаев сынды маңдайалды қызметкерлері бар.
Компанияның мақсаты — егемен елдің тұрғындарына жылылық пен қуаныш сыйлау, еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосу болып қала береді. «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалы осынау мақсат пен мұраттың үдесінен шығу жолында бар күш-жігерін жұмсайды.

zhambyl.kz сайтыны4 материалдарынан алынды