Время приёма посетителей с 09:00 до 12:30 часов
Республиканское государственное предприятие на праве хозяйственного ведения «Государственная вневедомственная экспертиза проектов»    
Телефон
+7 (7172) 57-44-84
E-mail
gosexpertiza@gosexpertiza.kz

Облыстағы энергия үнемдеу

2011-10-17
Облыстағы энергия үнемдеу

Энергия тапшылығы әлемдік проблемаға айналғалы біраз уақыт болды. Оны әлем жұртшылығы әрқилы жолдармен шешуде. Энергия тапшылығын көптеген мемлекеттер өндірістерді жаңғырту және инновацияларды кеңінен енгізу нәтижесінде еңсеруде. Бұл бағытта біздің елімізде де елеулі шаруалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Энергия үнемдеу және оның ресурстарын сақтау, кәсіпорындарды жаңғырту туралы бағдарламалар бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы Жолдауында «Сумен, жылумен, электр және газбен қамтамасыз ету жүйелеріне кең ауқымды жаңғырту жүргізіп, сондай-ақ, тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құруды қамтамасыз ету қажет» деп айрықша атап өткен болатын. Бұл бағытта облысымызда да ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар жүзеге асырылуда. Өткен сәрсенбіде облыста атқарылып жатқан осындай шаруалармен танысу үшін Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов келді.
Нұрлан Шәдібекұлы сапарын Тараз қалалық электр жүйесінен бастады. Бағдарламаға сәйкес бұл мекемеде энергия үнемдеу бағытында орасан жұмыстар атқарылуда. «Жамбыл-Жарық-Сауда-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен «ЖЭЖ» ЖШС арасында 2010-2012 жылдарға арналған құны 1744 684 мың теңгенің инвестициялық бағдарламасы әзірленді. 2010 жылы белгіленген шара 148 пайызға орындалды. Соның нәтижесінде ысырап төмендетіліп, 18,15 пайызды құрады. Биылға белгіленген іс-шаралар да ойдағыдай жүзеге асырылуда. 2011 жылы нормативтік ысыраптарды 15-15,2 пайызға азайту көзделуде. «Жамбыл-Жарық-Сауда-2030» серіктестігінде 2010 жылдың ақпан айынан бастап автоматтандырылған электр энергиясын бақылау және есептеу жүйесі енгізілуде.
Компания осы мерзімде деректер қашықтан берілетін 20 мыңға жуық электр есептегіш құралдарын орнатты. АЭБЕЖ жүйесі енгізілген аудандарда нормативтен тыс ысыраптар жойылды, ал, нормативтік ысыраптар 15-15,2 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Нормативтік ысыраптарды төмендету нәтижесінде үнемделген ақшалай қаражатқа серіктестікте есеп айырысу кассалық орталығын ашуға мүмкіндік туды.
Нұрлан Алдабергенов мекемедегі жаңадан ашылған есеп айырысу кассалық орталығында болды. «Жамбыл-Жарық-Сауда-2030» серіктестігінің директоры Жұмағали Сабалақов ашылған орталықтың және автоматтандырылған жүйені енгізудің артықшылықтары туралы әңгімеледі. Бұрын тұтынушылар төлемақы төлеу үшін мекемедегі кассаларда бірнеше сағат бойы кезекте тұратын. Олар тұтынған қуаты үшін қанша төлейтінін де біле бермейтін. Заманауи үлгіге сай салынған орталықта енді тұтынушылар кезекке тұрып сарсылмайтын болады. Тұтынушылардың қанша төлейтінін операторлар компьютер арқылы бірден айтып береді. Мекеме басшылары оларды жеке сұрақтармен аптаның бір күні арнайы қабылдайды.
Осыған дейін электр қуатының шығыны 45 пайызға дейін жеткен болатын. Электр қуатын ұрлаушылар, әсіресе, жеке тұлғалардың арасында көп. Автоматтандырылған электр энергиясын бақылау және есептеу жүйесінің енгізілуі бұған берік тосқауыл қойды. Компания орнатқан есептегіш құралдардан тұтынушылар қуат ұрлай алмайды. Егер осындай әрекет жасағандар болса, олар қашықтан бақылау арқылы мекемеде отырған операторларға бірден белгілі болады. Жаңа есептегіш құрал қуат көбейіп немесе азайса, автоматты түрде өшіп қалады. Мұның өзі тұрмыстық құралдарды істен шығармауға игі ықпалын тигізері сөзсіз. Серіктестік осындай жүйені Тараздағы тұрғындар көп шоғырланған және ұрлық көп орын алатын аумақтарда орнатты. Бұл жүйемен көп ұзамай барлық тараздықтар қамтылатын болады.
— Келешекте бұл жүйе табиғи газбен қамтылмаған, электр қуаты көп ұрланатын Шу және Қордай аудандарында да қолға алынады. Басқа аудандар да біртіндеп осы жүйеге көшеді, — деді Жұмағали Сабалақов.
Нұрлан Шәдібекұлы мекеме басшылары жүзеге асырып жатқан шаруаға ризашылығын білдірді. «Бұл — республикада алғаш қолға алынып, оң нәтижесін көрсеткен игі шара», — деді ол.
Бұдан кейін Нұрлан Алдабергенов «Тараз энергоорталығы» АҚ-да болып, жаңарту жүргізілген нысандарды аралады. Кәсіпорын басшысы Мырзахан Бұрханов Үкімет бағдарламасына сәйкес энергия үнемдеу шараларының үш жыл бұрын қолға алынғанын, қазір оның нәтижесін көріп отырғанын тілге тиек етті. Осы мерзімде мұнда заманауи үлгідегі жылу есептегіш құралдар орнатылып, көптеген сораптар жаңасымен ауыстырылған. Мазутқа су араластыру арқылы тиімділігі арттырылған. Осындай игі шараларды іске асыру нәтижесінде кәсіпорында үстіміздегі жылдың тоғыз айының қорытындысында 6,5 мың киловатт сағат электр қуаты, яғни 38 миллион теңге үнемделген. Бұл қаражат өндірісті қайта жарақтандыруға жұмсалады.
Сол күні агенттіктің төрағасы Н.Алдабергеновтың қатысуымен облыстық әкімдікте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және энергия ресурстарын үнемдеу бағытында тарифтік саясатқа қатысты мәселелер бойынша мәжіліс өтті. Қоғамдық бірлестіктер, атқарушы органдардың басшылары, ПИК өкілдері және тұрғындар қатысқан мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген ашып, жүргізді.
Н. Алдабергенов басқосуда жоғарыдағы мәселелер бойынша кең ауқымды әңгіме өрбітті. Нормативтік-техникалық ысыраптар тарифке әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Электр, жылу және сумен жабдықтау желілеріндегі нормативтік ысыраптар деңгейінің жыл сайын төмендеу үрдісі байқалуда. 2010 жылы нормативтік ысыраптарды төмендетуден 3,2 миллиард, нормативтен тыс ысыраптарды төмендетуден 1,5 миллиард теңге үнемделген. Облыста нормативтік-техникалық ысыраптарды төмендетуден болған үнем 121,6 миллион теңгені құрады. Оның ішінде электр энергиясы — 76,2, су — 38,9 және жылу энергиясы 6,5 миллион теңгеге жетті. Мұндай дәрежеге есептеу құралдарын орнату нәтижесінде қол жеткізуде. Облыста есептеу құралдарымен жабдықтау ыстық су бойынша — 92,4, суық су — 97 және жылу энергиясы 50,8 пайызды құрайды.
Облыста тәуліктік сараланған тарифтерді енгізу кеңінен қолға алынуда. Мұның өзі елеулі тиімділікке қол жеткізуде. Тарифтік саясатта жаңа әдістерді қолдану нәтижесінде Тараз қаласында 48 302 текше метр су немесе бір адамға шаққанда 70 литр су үнемделген.
Нұрлан Шәдібекұлы өз сөзінде инвестициялық тарифті барлық кәсіпорындардың енгізуі, энергия ресурстарын үнемдеу бағытындағы шараларды жандандыра түсу керектігіне тоқталды. «Біз инвестициялық тарифтерді енгізу арқылы келешекте суға, газға, электр қуатына және жылуға тарифтерді көтермеуге қол жеткіземіз. Сондай-ақ, өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік туады, — деді ол.
Агенттік төрағасы мәжілістен кейін Қаратау қаласындағы көп қабатты үйлерді және заңдық тұлғаларды жылумен қамтамасыз ететін «Игілік» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болды. Оған өңірде атқарылып жатқан шаруалар туралы Талас ауданының әкімі Айтқазы Қарабалаев әңгімеледі. «Игілік» МКК директоры Рашит Сейдалиев кәсіпорынды жаңғырту нәтижесінде қол жеткен нәтижелерді тілге тиек етті.
Н. Алдабергенов аудандық әкімдікте Қаратау және Жаңатас қалаларының коммуналдық кәсіпорын өкілдері және тұрғындармен осы аймақтағы тарифтік саясаттың өзекті мәселелерін шешу жөнінде мәжіліс өткізді. Қос қаланың жылу беретін коммуналдық кәсіпорындарының басшылары және облыстық мәслихаттың депутаты Жалғасбек Тәукебаев іске асырылған шаралар мен шешуін күткен мәселелер туралы әңгімеледі. Басқосуда Қаратау қаласындағы «Диас» наубайханасының бастығы Баян Әсембеков нан пісірушілер үшін кешкі сағат 7.00-11.00 аралығындағы тәуліктік сараланған тарифтің тиімсіз екенін айтып, оны өзгерту жөнінде өтініш жасады. Нұрлан Шәдібекұлы бұл ұсынысты қабыл алып, тиісті мекеме басшыларын Қаратау мен Жаңатастағы наубайханалар үшін осы мезгілдегі тәуліктік сараланған тарифті өзгертуге тапсырма берді.